Ректор туралы

Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы


2008 жылдың 21 сәуірінен бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры.

1953 жылы 18 тамызда туылған, қазақ.

Білімі жоғары. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмәмдаған. Ғалым-математик, техника ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі. Қазақстан Республикасы білім және ғылым саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».

Танымал мемлекеттік, қоғамдық және саяси қайраткер. Есептеу математикасы, мұнай-газ саласында практикалық және гидродинамикалық міндеттерді шешу барысында математикалық моделдеу және математикалық әдістер, ақпараттық технологияларды қолдану мен әзірлеу саласындағы танымал ғалым. 350-ден астам Қазақстанда және алыс-жақын елдерде жарияланған ғылыми жұмыстар мен жеті іргелі монографияның авторы.

Еңбек жолын С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми және ұстаздық қызметтен бастады. Ассисенттен бастап профессор, кафедра меңгерушісі, проректор (1979-1991 жж.) сатыларынан өткен. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті (1991 жылдан бастап).

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірінің бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі (2001-2005 жж.) қызметтерін атқарған. Республикалық саяси еңбек партиясының «Отан» РСП құрамына енгенше төрағасы қызметін атқарды. 2005 жылдың сәуір айында «Отан» партиясының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тағайындауымен «Отан» РСП партиясының төрағасы міндетін атқарушы болып тағайындалды. 2005 жылы Қазақстан Ресупбликасының Прзиденттігіне үміткер Н.Ә. Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабын басқарды. 2007 жылдың маусым айында «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2007 жылдың 18 тамызында депутаттыққа сайланып, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық фракциясының жетекшісі қызметтерін атқарды. 2008 жылдың сәуір айында ҚР Президентімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтттық университетінің ректоры болып тағайындалды.

Б.Т. Жұмағұлов 15-тен аса ғылым докторы мен кандидатын даярлаған, Д 14.6101 докторлық диссертация қорғау бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы болып табылады.
«Парасат» орденімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің құрметті грамотасымен, “За трудовое отличие” КСРО медалімен марапатталған, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтан бірнеше алғыс хат алған. «Қазақстанның құрметті инженері» атағына ие болды.

Ғылым, техника мен білім беру саласында интеграциялық үдерістерді дамыту бойынша жүргізген белсенді жұмысы үшін, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ЮНЕСКО мен Халықаралық инженерлік академияның Үлкен алтын медальымен, FEIIC Ислам елдері Федерациясы инженерлік академиясының «Ғылыми байланысты дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» ерекше белгісімен және Халықаралық инженерлік академияның халықаралық жоғары наградасы «Инженерлік даңқ» орденімен марапатталған.

2009 жылдың мамыр айында Б.Т. Жұмағұлов Дамаск (Сирия) қаласында өткен Х Мерейтойлық Бас Ассамблеясының (FEIIC) Ислам елдері федерациясы инженерлік академиясының бірінші вице-президенті болып сайланды, ал осы жылдың шілдесінде Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті қызметіне тағайындалды.

430-дан аса жарияланымдары бар – мақалалар, қоғамдық-саяси тақырыптағы очерктер.